Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Әл-Фарабидегі қайғылы жол апаты: Zeekr жүргізушісі 10 жылға сотталды

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апаты бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Сот шешімімен айыпталушы Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.

Александр Пакқа Қылмыстық кодекстің мас күйінде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу бабымен айып тағылған. Сот процесі барысында ол кінәсін толық мойындаған.

Сонымен қатар сот марқұм Томирис Қадырбектің әкесіне 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.

Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 21 наурызда Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейін Алматы полиция департаментінде қызметтік тексеру жүргізілген болатын. Сот процесі барысында қаза тапқандардың кейбір туыстары сотталушыны кешіргенін айтса, Томирис Қадырбектің әкесі оған кешірім бермейтінін мәлімдеген еді. Бастапқыда ол 100 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button