Алматы облысы

Алакөлге енді «Тальгомен» баруға болады

Алдағы туристік маусымда Алакөл бағытына «Тальго» жүрдек пойызы жүреді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшылығы мен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев меморандумға қой қойды. Сонымен бірге көл жағалауына жолаушы тасымалдайтын барлық пойыздардың жайлы болуына, сапалық деңгейін арттыруға назар аударылады. «Жолаушы тасымалы» АҚ-ның барлық вагондары желдетудің заманауи жаңа жүйесімен қамтамасыз етілмек.

Кездесуге қатысушылар Алакөл көліне жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыруға ерекше назар аударды. Індет жағдайына қарамастан 2019-2021 жылдар аралығында курорттық аймақтарға барған жолаушылар легі 264% артқан. Өткен жылғы 11 жазғы маршрутты (8 – «Жолаушылар тасымалы» АҚ, 3 – жеке тасымалдаушылар) сақтай отырып, 240 мыңдай жолаушы тасымалдау жоспарланған. Бұл ретте ұсынылған орындардың жалпы саны 340 мыңнан асады. Сондай-ақ бұл бағытқа «Тальго» жүрдек пойызын шығарып, күнара жүргізу жоспарланып отыр. Жолаушыларға жайлы, билет бағасы қолжетімді вагондар жүргізу үшін облыс әкімдігі тарапынан субсидиялау мәселесін шешу қажет.
Вагондарда кондиционер мен ыстық су жоқ, басқа да жағдайлар жасалмаған деген жолаушылардың шағымдарына байланысты облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдерімен бірлесіп жеке тасымалдаушы компаниялардың вагондарын аттестациялауды ұсынды. Енді әрбір тасымалдаушы пойыздарының жайлы болуына назар аударуы тиіс. Бұл ретте сұранысқа сәйкес купе типті вагондар саны ұлғайтылады. «КТЖ» күшімен Ақши, Көктұма, Жалаңашкөл стансылары ретке келтірілді, жолаушылар платформасы ұзартылды, қорғаныс қалқандары орнатылды.

Кездесу соңында Алматы облысы әкімдігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітілді. Құжатта темір жол инфрақұрылымы жобаларын іске асыру, аймақтағы жүк тасымалы көлемін ұлғайту, Алакөл көлінің туристік әлеуетін арттыру мәселелері қамтылған.

– Біз экологияға зиянын тигізбейтін индустрияны дамытуға екпін түсіреміз. Атап айтқанда, машина жасау саласын дамытамыз. «ҚТЖ-ның» сұранысын білсек, онда тиісті құрал-жабдықтарды шығаруға дайынбыз. Ол үшін инвесторлар тартамыз. Талдықорғанда осы саланы дамыту қажет. Бұл етте бізге сіздердің қолдауларыңыз керек. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, Алакөл көліне жолаушылар тасымалдауды субсидиялауға тиісті көмек көрсетеміз. Жергілікті мазмұнды дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу – бұл сіздермен бірлескен ісіміздің тек алғашқы жемісі ғана, одан да көп мүмкіндіктерге жол ашылады, – деді Қ. Бозымбаев.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close