Жаңалықтар
«Алдыма отыр, сені иіскеуім керек»: Әнші Наркенже Серікбаева филармония басшысынан көрген қорлығын жайып салды

Фото: Видеодан скриншот
Танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының басшысынан қысым көргенін айтты, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі жеке парақшасында үндеу жасады.
“Менде шындық көп… Ашындырып, мені осындай жағдайға жеткізді. Филармония басшысы Ғ мырза маған қаншама қысым көрсетіп, киімің жоқ деген сылтаумен концерттен шеттетті. Ұят та болсын айтайын, «менің алдыма отыр, мен сені иіскеуім керек» деген сыңайдағы әңгімелердің бәрінен өтіп келемін. Құрметті әкім мырза, осыны қолға алыңызшы. Жалғыз мен емес, қазақтың қаншама қызы сондай басшылардың қол астында кетіп жатыр. Филорманияда қанша жыл жұмыс істедім, бұл екі кісі басшы болып келмей тұрып, мұндай әділетсіздік көрген емеспін! Енді осы жолы шығатын жеріме дейін шығамын. Шындықты айтқаным үшін, махаббат құрмағаным үшін көріп келе жатқан қысымым бүгін шегіне жетті», – деді әнші.
Филармония әншісінің сөзінше басшылық «киімің жоқ» деген себеппен сахнадан шеттеткен. Осы мәселе төңірегінде ол әкімнен көмек сұраған.
«Осы жазбамды жағдайды қолға алады деген сеніммен жазып отырмын. Шындықты айтқаным үшін, махаббат құрмағаным үшін көріп келе жатқан қысымым бүгін шегіне жетті. Ақыр соңы сахнадан шеттетті. «Болды, қатыспайсың… Себебі, мен басшымын. Мен өзім білемін» деп барша жұмыскерлердің көзінше абыройымды төкті, ар-ожданыма тиді. 2003 жылдан бері сол мекемеде жұмыс істеп келе жатқан соң бұлай жұмыстан шығып кете алмаймын. Осы жерден зейнетке шыққым келеді. Осы жазбама ескере қараңызшы», – деді әнші.