ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Александр Чашкин: Жаңа салық кодексін талқылаудың өзі ұят

Фото: ortcom.kz

Жаңа Салық кодексінің жобасы күзде «Мәжіліске барады». Кім, қанша шығындайды деген қоғамдық дау көктемде басталған-ды. Ол күні бүгінге дейін басылмай тұр, – деп хабарлайды qandastar.kz.

Жоба 21 маусымда «Ашық НҚА» порталында жарияланды және әлі де талқы үстінде, бірақ наразы адамдардың саны қазірдің өзінде аз емес. Бұған дейін ulysmedia.kz сайты жазғандай,  ол кәсіпкерлердің көңілін «таппай» отыр.

Байқап қарасақ, ескі кодексте небәрі 708 бап бар болса, жаңа кодекс 802 баппен толыққан. Жаңа құжат арқылы шенеуніктер зейнеткерлерді қуантпақшы екен. Оларға бұдан былай жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Қазір жұмыс істейтін зейнеткерлер өзгелер секілді жалақысын 10%-ын қазынаға төлейді.

Өңдеуші өнеркәсіп пен әлеуметтік сектордағы компаниялар үшін де жақсы жаңалық болуы мүмкін. Енді олар үшін КТС-ті 10%-ға, ал фермерлер үшін жалпы алғанда 3%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Осылайша, салық ауыртпалығы азаяды.

Бастапқыда КТС-ті (корпоративтік табыс салығын) барлық бизнес үшін 25-30%-ға дейін көтеру туралы әңгіме болғанмен, кейін қызу пікірталастардан кейін мөлшерлемені 20%-дық деңгейде қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұл ретте кодексті әзірлеуші – Ұлттық экономика министрлігі  ойын бизнесі мен банктер үшін бұл салықты 25 пайызға дейін көтеруді ұсынып отыр. Олар мұны былай түсіндіреді: аталған кәсіпорындардың табысы жеткілікті, сондықтан да осындай қадамдар қарастырылды.

Бірақ Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер үшін тайталасқысы келетін сияқты. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Мәжіліс алаңында банктерге КТС көтеруге қарсы шықты. Содан кейін ол банктердің, мысалы, «мұнай немесе ойын индустриясы» сияқты бай емес екенін айтып, Ұлттық экономика министрлігін осы тақырыптағы диалогты жалғастыруға шақырды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тарапынан Мәдина Әбілқасымова да банктерге салықты көтеруге қарсы. 26 маусымда  ол «Банк секторы ең жоғары маржа секторы емес, біз тау-кен өнеркәсібі, газ және басқа салаларды табысты санаймыз» деп баса айтты.

Жаңа Салық кодексінде сән-салтанат салығын төлеу механизмі де барын еске салсақ.

«Жиынтық құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғарылатылған мөлшерлемесі қойылады. Кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге қосымша акциз салынады. Сонымен қатар қымбат тұратын алкоголь және темекi өнiмдерiне, сол сияқты қымбат теңiз кемелерiне, ұшу аппараттарына қосымша акциз салу көзделген», – делінеді Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінде.

Құжатты толық зерттеген қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Александр Чашкин өзінің Facebook парақшасында «Мұндай жобаны қоғамдық талқылауға салу ұят. Өйткені құжатта тіпті абзацтар мен  бөлімдер қалыпты нөмірленбеген, ішкі сілтемелер бос. Сөйлемдердің орфографиялық қатесі де олардың мән-мағынасын түсініксіз етеді» деп жазды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев та жаңа Салық кодексінің жобасын қатаң сынға алған еді. Мемлекет басшысы шенеуніктердің ҚҚС-ты 12%-дан 16% – ға дейін ұлғайту туралы жоспарларына шүйлікті.

Сол жиыннан кейін премьер-министр Олжас Бектенов кодексті қайта жазуды және оның риторикасын өзгертуді тапсырған болатын.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close