ЖаңалықтарСпорт

Әлем чемпионы енді басшы: Мейіржан Берекетов Qazaq Kuresi Ассоциациясын басқарады

Qazaq Kuresi Ассоциациясында кадрлық өзгеріс орын алды. Қазақ күресінен әлем чемпионы Мейіржан Берекетов ұйымның бас директоры қызметіне ресми түрде тағайындалды, деп жазады qandastar.kz сайты Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мейіржан Берекетов 1996 жылғы 17 наурызда Абай облысында дүниеге келген. Жоғары білімді Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетте алып, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын тәмамдаған. Спорт саласындағы еңбек жолын 2018 жылы бастаған.

Ол 2018-2025 жылдар аралығында Петропавл қаласындағы «Қызылжар Арландары» спорт клубының спортшысы ретінде ел намысын қорғады. Сонымен қатар, 2022-2025 жылдары Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында жаттықтырушы-оқытушы қызметін атқарып, жас спортшыларды тәрбиелеуге үлес қосты. Осы кезеңде Qazaq Kuresi Ассоциациясында спорт менеджері болып жұмыс істеп, ұйым жұмысының дамуына тікелей араласты.

Мейіржан Берекетов – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының чемпионы (Астана, 2024 жыл) және Әлем чемпионатының жеңімпазы (Дели, Үндістан, 2025 жыл).

Ұлттық спортты дамыту жолындағы еңбегі ескеріліп, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от QAZAQ KURESI АССОЦИАЦИЯСЫ (@qazaqkuresi.kz)

Ұқсас Мақалалар

Back to top button