Әлем жаңалықтары

Әлемде соғыстың тағы бір түрі басталды

Фото:responsiblestatecraft.org сайтынан алынды

Ақпанның бірінші күні Дональд Трамп экономикалық төтенше жағдай жариялап, Қытайдан келетін барлық импортқа 10%, Мексика мен Канададан келетін импортқа 25% көтерме тарифтер енгізді. Тек Канададан импортталатын энергетикалық өнімдерге, соның ішінде мұнай, табиғи газ және электр қуатына 10% ғана салық салынады, деп жазды qandastar.kz

Сарапшылар импорттық тарифтер инфляцияның айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтуда. Дегенмен сайлау науқаны кезінде Дональд Трамп азық-түлік, бензин, тұрғын үй, автокөлік және басқа да тауарлардың бағасын төмендетуге уәде берген еді.

aikyn.kz хабарлағандай,    Трамп үш елге тарифтерді көтергеннен кейін, экономистер оны ақылсыз деп атай бастады. Олар бұл жарлық арқылы АҚШ президенті сауда соғысын бастап, протекционизм арқылы бағалардың өсуін, жеткізілім тізбектерінің бұзылуын өз қолымен жасайды деп айыптауда.

Батыс баспасөзінде Трамптың саясатын басқаша қабылдайтындар да бар. The Telegraph басылымы тарифтердің көтерілуінде философиялық мағына бар екенін айтады. Олардың ойынша, Америка президентінің көзқарасын түсінбеу еркін сауданың қаншалықты догмаға айналғанын көрсетеді.

Америка әрқашанда басқа елдермен сауда соғысын жүргізіп келеді. Фото shenglufashion.com сайтынан алынды

The Telegraph көзқарасын кеңірек түсіндірейік. «Еркін сауда Американы құрды» деген миф, бұл – консервативті ойдың аксиомасы. Шындығында, бүкіл XIX ғасырда импорттық тауарларға салынатын салықтар мемлекет кірісінің жартысынан көбін құрап келді. АҚШ-тың республикалық президенттері импорттық тарифтерді отандық өнеркәсіпті кеңейту және америкалық нарықты сырттан келетін арзан өнімдер мен жұмыс күшінен қорғау үшін қажет деп санады.

Американың 25-ші президенті Уильям Мак-Кинли: «Еркін сауда нәтижесінде өз ақшамызды… салаларымызды және нарықтарымызды басқа елдерге беріп жатырмыз… Бұл жаппай наразылық тудырады. Бұл біздің құндылықтарымызға төңкеріс жасайды». Байқасаңыздар, бүгінгі Трамптың сөздері.

Америка әрқашанда басқа елдермен сауда соғысын жүргізіп келеді. Рональд Рейган Жапонияға қарсы тарифтер қолданса, Джо Байден қытайлық электромобильдерге 100%-дық баж салығын салып, болат пен алюминийдің кейбір өнімдеріне салықты үш есе көбейтті. «Пандемия бізді бір нәрсеге үйретті. Бұл – үйімізде күнделікті қажетті заттардың қоры болуы керектігі», – деген еді бір сөзінде Джозефф Байден.

Еуроодақ өз аумағында сатылатын АҚШ-тың әрбір көлігінен шамамен 8-10% ақы алады. Фото ft.com сайтынан алынды. Авторлығы: Bloomberg

Еуроодақ та өз аумағында сатылатын АҚШ-тың әрбір көлігінен шамамен 8-10% ақы алады. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық мүддені қорғау өмір шындығына айналды. Ол тек тарифтермен ғана емес, басқа да экономика салаларында кездеседі – субсидиялар, валюталық айла-шарғылар, экологиялық немесе еңбек стандарттары арқылы да әр мемлекет өзінің экономикалық мүдделерін қорғауда. Әркімге өз көрпесі қымбат.

Ақ үйдегі саясаткерлердің ойынша, Америка қазір дүниенің барлық ауыртпалығын өз иығында көтеріп отырған сияқты. Батыс Еуропаны қорғау үшін 820 миллиард доллар төлейді, ал сауда тапшылығы 773 миллиард долларды құрайды. Құрама Штаттардың шекарасы да шұрық-тесік – заңсыз мигранттар мен есірткі еркін ағылып жатыр.

2023 жылы шамамен 81 000 америкалық опиоидтердің артық дозасынан қайтыс болған. Заңсыз фентанилдің негізгі көзі – Американың №1 бәсекелесі Қытай болса, сол фентанил Мексика арқылы есірткі тасымалдаушы бандалар арқылы АҚШ-қа келеді. Сондықтан Дональд Трамп шетелдіктерді «Американы құрметтеуге» мәжбүрлеу үшін тарифтерді пайдалануды бастады. Жақында АҚШ заңсыз мигранттарды Колумбияға қайтаруға тырысқанда, Колумбия үкіметі оларды қабылдауға қарсы болды. Алайда Трамп тарифтер мен визалық санкциялармен қорқытқан соң, колумбиялықтар бір сағаттың ішінде өз адамдарын алып кетуге президенттік ұшақты жіберуді ұсынған.

Президент өз елін арзан қытай импортының «апиынынан» сақтап, ұлы, тәуелсіз жасағысы келеді. Фото forbes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Ия, енгізілген тарифтер бағаларды өсіреді. Бірақ Трамптың бірінші мерзімінде олар көп өспеген. Дегенмен алаңдаушылық бар. Табысқа салынатын салықтар азаматтардың іскерлік жігерін азайтса, тарифтер тұтынуға әсер етіп, үнемділік пен жинақты ынталандырады. Азаматтар өз азық-түліктерін өсіреді, өздері өндіреді және тұтынуда баға мен сапаның арасалмағына басымдық береді.

Бұның бәрі – протестанттық-капиталистік этиканың маңызды құрамдас бөліктері. АҚШ президенті Дональд Трамптың тарифтер соғысы экономикалық қайшылық емес. Президент өз елін тек ұлы ғана емес, сонымен қатар арзан қытай импортының «апиынынан» масаңданудан сақтап, тәуелсіз жасағысы келеді.

Басқаша айтқанда, оның саясаты елін тазалауға арналған, әлеуметтік инженерияның бір түрі. Жаңа президент экономиканы – ешкімнен тәуелсіз, бай әрі ұлы қоғам құру құралы деп түсінеді. Қазақ саясаты мен экономикасына да осындай тереңдік жетіспейтін сияқты.

Бүгінгі әлем – қатыгез әрі қауіпті «джунглиге» ұқсайды. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Brendan Smialowski

Өзінің «Американы ұлы жасаймын» деген ашық саясатының көмегімен Дональд Трамп жасырын болып келген өркениеттер соғысын ашық жүргізе бастады. Ол қандай нәтиже беретінін бүгін ешкім болжай алмайды. Бүгінгі әлем – қатыгез әрі қауіпті «джунглиге» ұқсайды. 

Бұл жерде The Telegraph көзқарасымен толық келісуге болады: үкіметтер елдік мүддені бірінші орынға қоюы керек. Мемлекеттер әртүрлі келісімдерге қол қояды және экономиканы өсіру жолдарын жалғастыра алады. Америкалықтар әлемдік көшбасшы болуға құлшынса, оның қарсыластары да қарап қалмайды. 30-40 жылдан кейін Қытай Тайваньды өзіне қосып алатынын жариялағанда оны тоқтатуға кімнің күші жетеді? Бұл сұрақтың жауабы президент Трамп бастаған тарифтер соғысының немен аяқталғанына байланысты болмақшы.

Ал сауда соғысы өршіген әлемдегі Қазақ елінің орны қайда болуы керек? Халықтың ынтымағы, азаматтардың отансүйгіштігі мен билікке сенімі, экономикалық өсім болашақты қателеспей болжауға көмектесіп, осы сауалға жауап болар еді.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close