Экономика және бизнес
Әлемдегі мұнай бағасының тұрақсыздығы мен елдегі бензиннің қымбаттауы
Кейінгі екі ай ішінде әлем нарығында мұнай бағамы сан құбылды. Қазанның екінші жартысынан бері Brent маркалы мұнайдың құны біресе барелліне 86 долларға дейін өсті, кейде 69 долларға дейін төмендеді.
Бұл жағдай АҚШ-тың меншікті стратегиялық қорынан шамамен 50 млн баррель мұнай босату туралы шешіміне және «омикрон» штаммының таралуына орай нарықта күтілген қауіпке байланысты болып отыр. Қысқа мерзімде осындай әсерлер болғанымен, мұнай бағасы баррелі 85 доллар деңгейінде қалпына келеді деген болжам жасалды. Бұл біздің экономика мен отын нарығына қалай әсер етеді? Әрине, бюджеттің көп бөлігіне мұнайдан кіріс кіреді.
Экспорттық кедендік баждарды төлеуден түсетін түсімдер, тау-кен салығы, жалдау салығы деп кете береді… Демек, біздің экономикаға, шикізат экономикасына мұнай бағасының жоғары болуы тиімді. Мұнай бағасының өзгеру динамикасы ұлттық валюта бағамына айтарлықтай әсер етеді. Негізгі әсер бұл емес, дегенмен мұнай котировкаларының теңге бағамына әсері бар. Бүгінде ұлттық валюта бағамына рубль құны мен біздің негізгі сауда серіктестерімізбен арадағы сауда балансы көбірек әсер етеді. Ресей экономикасы санкциялар астында екенін ескерсек, бұл теңге бағамына да жанама әсер етеді. Мұнай және мұнай өнімдері нарығына оралайық. Мұнай арзандады, бірақ Қазақстанда бензин қымбаттады.
«Мұнай қымбаттады – бензин қымбаттады, мұнай арзандады – бензин қымбаттады. Бензин жарап тұр! Тұрақты». Бұл жағдай күлкілі екені рас, бірақ факті – осы. Неге бұлай болып жатыр? Өйткені Қазақстан нарығындағы отын құны – әлем бойынша ең төмен бағалардың бірі. 2000-шы жылдардың басынан бастап төмен баға деңгейі мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) өңдеу үшін нарықтық баға белгілеулерінен тоннасын 50-55 доллар жеңілдікпен жеткізу жолымен қамтамасыз етілді. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы да, өздеріңіз білетіндей, айтарлықтай тұрақты деңгейде болды. Биыл елдегі МӨЗ-ге мұнай жеткізу кезінде нарықтық баға белгілеулерінен жеңілдік тоннасына 130 долларға жетті және жер қойнауын пайдаланушылар бірқатар кен орындары үшін мұнайдың ішкі бағасы оны өндірудің өзіндік құнынан төмен деңгейде екенін айта бастады. Ал неге мұнай құнын долларға байланыстырамыз? Мұның себебі қарапайым: экспорттық баждар, жер қойнауын пайдаланушылар ел бюджетіне төлейтін рента салығы долларға қатаң байланыстырылып қалыптастырылады.
Мұнай саласын дамытуға тартылатын инвестициялар шетел валютасына қатаң байланыстырылған. Елдің ішкі нарығына ораламыз. Ел нарығындағы бензин – әлемдегі ең арзан бензин. Жанармайдың бағасын төмендтіп ұстап тұру – мұнайдан түскен кірісті халықпен бөлісуге арналған «мемлекет саясаты». Қазақстанда бензин қымбаттады, қымбаттай береді де. Кейінгі жылдары жанар-жағармай нарығы нарықтық қатынастарға көшуге дайын екенін көріп отырмыз:
1. 2015 жылы АИ-92 бензині, 2016 жылы дизель отыны бағаларын мемлекеттік реттеу тоқтатылды;
2. 2021 жылы мұнай өнімдерімен биржалық сауда жасау тетігі іске қосылды;
3. Таяу перспективада бізді Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт шеңберінде мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығының құрылуы күтіп тұр. Бензин бағасы қанша болуы керек? Бензиннің қазіргі құны – мемлекеттің нарыққа қатысушыларға әкімшілік қысым көрсетуінің нәтижесі. Егер баға белгілеуге әсер ететін барлық факторларды ескеретін болсақ (мұнайдың котировкалары, Ұлттық валюта бағамы, Қазақстандағы мұнай саласының ағымдағы салық салуы), онда Аи-92 бензині 225-230 тг/литр болуы керек. Сонда да бұл біздің көршілеріміздің нарықтарына қарағанда айтарлықтай төмен. Жанармай бағасының өсуі халықтың әл-ауқатына әсер ететіні түсінікті, бірақ үкіметтің мұнай саласының кірістерін реттеу тетіктері жеткілікті. Оның үстіне, ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ортақ нарықтарын құру шеңберінде салық салу жүйелерін, оның ішінде акциздерді біріздендіру көзделеді.
Ал бүгінде Қазақстанда акциздер сол Ресейге қарағанда айтарлықтай төмен. Жылды қорытындылайық… елде бензин қымбаттады, бірақ оның бағасы елдің энергетикалық және отын қауіпсіздігін қамтамасыз ететін деңгейге әлі жеткен жоқ. Елден отын әкетудің «сұр» және заңсыз схемалары экономикалық тұрғыдан тиімді болып қала береді және жақын көршілеріміздің нарықтарымен баға теңеспесе, бұл жағдай сол күйінде қалады.
Ерлан ЖАУКИН