2025 жылы HLTV Awards салтанатты рәсімінде әлемнің үздік Counter-Strike ойыншылары мен командалары марапатталған болатын. Осы жылғы ең қызықты жаңалықтардың бірі – қазақстандық киберспортшы Данил Голубенконың «Үздік дебютант» атағын жеңіп алуы болды, деп жазады qandastar.kz
FURIA Esports командасының жас ойыншысы Данил Голубенко (Molodoy) қарсыластары ресейлік Максим kyousuke Лукин (Team Falcons) және Косоводан шыққан Дрин makazze Шакирді (Natus Vincere) басып озды. Марапатты қазақ спортшысына Counter-Strike ойынының тарихындағы белгілі ойыншылардың бірі, мароккалық-бельгиялық Адиль ScreaM Бенрлито табыс етті. Сонымен қатар «Жыл ойыншысы» атағы үшінші рет француз Матье ZywOo Эрбода берілді. Данил Голубенко маусым қорытындысы бойынша HLTV-дің жалпы рейтингінде 6-орынға көтерілді.
20 жастағы Данил – Семей қаласының тумасы. Бала кезінен спортқа қызығып, футбол және каратэмен айналысқан. Ал компьютерге деген қызығушылығы ата-анасының сыйлаған ноутбугі арқылы басталған. Алғашында ол Crossfire ойынын ойнаған, кейін CS:GO әлеміне кіріп, кәсіби ойыншыға айналған.
Данилдің айтуынша, компьютерлік клубтар оның кәсіби ойын жолындағы алғашқы мектебі болған.
Менің өз компьютерім жоқ еді, сондықтан өзімді компьютерлік клубтарда шындадым. Сол жерде турнирлерге қатыстым, алғашқы жеңістеріме де сол жерде қол жеткіздім. 14-15 жасымда ойыным біртіндеп жақсара бастады. Қазақстан бойынша түрлі турнирлерге қатысып бастадым. Сол сәттен бастап киберспортқа қызықтым, – дейді ол.
2025 жылдың көктемінде Данил FURIA Esports командасына қосылды. Жазда Астанада өткен ірі PGL турнирінің жартылай финалына шықты. Маусымның ең есте қаларлық оқиғасы – 21 қыркүйекте FISSURA Playgrounds 2 турнирі болды. Бұл турнир әлемнің 20-дан астам елінен келген командаларды біріктірді, ал жалпы жүлде қоры 1,2 миллион долларды құрады. Сол іс-шарада Данил MVP атағын жеңіп алып, өзінің жоғары деңгейдегі ойын шеберлігін көрсете білді.
Бұл менің халықаралық аренадағы алғашқы үлкен жеңісім. Мұнда тәжірибелі командалар ғана емес, әлемдік деңгейдегі ойыншылар да болды. Сондықтан MVP болу – мен үшін үлкен мақтаныш, – деді Данил Голубенко.
FISSURE Playgrounds 2 – 2025 жылы Counter‑Strike 2 (CS2) бойынша өткен ірі халықаралық турнир. Бұл іс-шара FISSURE ұйымы өткізіп, Tier‑1 деңгейіндегі турнирлер қатарына жатады, яғни әлемнің ең кәсіби CS2 командалары қатысады.
Бұл турнирдің ерекшелігі – тек ең кәсіби командалар ғана қатысады, ал оның нәтижесі CS2 әлемдік рейтингінде маңызды рөл атқарады. Данил Голубенко үшін бұл турнир – халықаралық аренадағы алғашқы үлкен жеңіс.



