Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Әлемдік рекорд жаңартылды: Алматыда ең үлкен түйе керуені жүріп өтті

Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылында әлемдегі ең үлкен түйе керуені өтті, деп хабарлайды qandastar.kz.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, шара ұлттық рухты қайта жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сонымен қатар туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өтті. Басты мақсат —  әлемдік рекорд орнату. Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және «Дәулет-Бекет» шаруашылығының бастамасымен ұйымдастырылды. Қауіпсіздікті полиция, медицина және ветеринарлық қызмет өкілдері қамтамасыз етті. Аймақ турникеттермен жабдықталып, көрермендердің керуенге жақындауы шектелді.

Керуенге 1000 түйе қатысып, ұзындығы 1 шақырымдық арнайы дайындалған маршрутымен жүріп өткен. Айта кету керек, бұған дейінгі рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген. Онда керуенмен бар-жоғы 365 түйе жүріп өткен.

Шараға Ұлыбританиядан арнайы келген Гиннес рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысты. Ол өз сөзінде мұндай ауқымдағы түйе керуенін алғаш рет көріп отырғанын атап өтті.

– Қазақстанның бұл жетістігі – тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ қазынасы, – деп атап өтті Ричард Стэннинг.

Оның айтуынша, Қазақстан ресми түрде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» атағына ие болады және барлық рәсімдер аяқталған соң бұл көрсеткіш Гиннес рекордтар кітабына енгізіледі.

 

Back to top button