Желі қолданушылары соңғы уақытта бағаның өсуіне және қосылған құн салығының (ҚҚС) артуына қатысты наразылықтарын жиі білдіруде. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Nofake.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сынмен қатар желіде агрессияға толы үндеулер де көбейіп келеді. Мұндай жазбалардың бір бөлігі анонимді және жалған аккаунттардан таралып жатыр.
Жаңа жылдық демалыстан кейін Threads пен TikTok платформаларында бағаның қымбаттауы қайтадан қызу талқылана бастады. Қолданушылар тауарлар мен қызметтердің қымбаттағанын, шағын бизнеске түсетін салмақтың артқанын және баға деңгейінің жалақы мөлшеріне сәйкес келмейтінін айтуда.
Осындай жазбалардың басым бөлігінде жағдайдың басты себебі ретінде жаңа Салық кодексі мен ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін көтерілуі көрсетіледі. Көптеген жарияланымдарда ақпарат беру стилі мен эмоциялық реңктің ұқсас болуы бұл талқылаулардың кездейсоқ емес екенін аңғартады.

Осындай жазбаларды тарататын аккаунттарға да ерекше назар аударылып отыр. Көп жағдайда бұл — жеке контенті жоқ, бұрын белсенділігі байқалмаған жаңа аккаунттар. Кейбір қолданушылар үшін мұндай жарияланымдар алғашқы жазба болып отыр.
Соған қарамастан жазбалар қысқа уақыт ішінде жоғары қаралым жинай бастаған. Мәселен, create.dias атты аккаунт Threads платформасында үкіметтің отставкасы туралы алғашқы тредін жариялап, небәрі 19 сағаттың ішінде 11 мыңнан астам қаралым, мыңға жуық лайк және жүзден аса пікір жинаған.

Кейбір аккаунттарда әлеуметтік маңызы бар тақырыптардағы ұқсас мәтіндер тұрақты түрде жарияланып келеді. Бұл ретте аудиторияның реакциясы айқын өзгергені байқалады. Бұған дейін жеке немесе коммерциялық сипаттағы жазбалар көп қызығушылық тудырмаса, ҚҚС-қа байланысты бағаның өсуі мен жалақы деңгейіне қатысты шағымдар кенеттен мыңдаған қаралым мен жүздеген пікір жинай бастаған.
Осыған ұқсас жағдай asellmoon1234 аккаунтында да байқалады. Автор алғашқы тредін өткен жылдың тамыз айында жариялап, үкіметке бағаның қымбаттауы жөнінде сұрақ қойған. Аталған жазба 4 мыңнан астам лайк жинағанымен, жеке сипаттағы посттары назардан тыс қалған.

Өмір сапасына қатысты шағым айтылған жазбалардың тағы бір ортақ белгісі бар. Онда бағаның өсуі әлдеқашан орын алған факт ретінде ұсынылады. Алайда авторлар бұл туралы жалпылама айтып, нақты деректерге сүйенбейді. Жарияланымдарға фото немесе видео тіркелген күннің өзінде, өткен айдағы бағалармен салыстыру келтірілмейді. Соның салдарынан мұндай тұжырымдар расталмайды.
Сонымен қатар бұл жерде ұғымдардың орын алмастырғаны байқалады. Салық реформасын талқылау нақты, бірақ бір-бірімен байланысы жоқ жекелеген баға ауытқуларымен араласып кетеді. Кез келген қымбаттау, себебіне қарамастан, автоматты түрде қосылған құн салығымен байланыстырылады.

Аталған жарияланымдардағы ең алаңдатарлық жайт — авторлардың қоғамдағы көңіл күймен әдейі ойнауы. Қосылған құн салығының 16 пайызға дейін көтерілуі жөніндегі талқылау аясында жағдай қасақана ушықтырылып отыр.
Салықтағы өзгерістер экономикалық мәселе ретінде емес, халықтың өмір сүруіне және қоғамдық тұрақтылыққа төнген қауіп ретінде көрсетіледі. Мәтіндерде өткен жылдардағы дағдарыстық оқиғалардың қайталануы мүмкін екеніне жиі ишара жасалады.
Оқырманды біртіндеп «жалғыз жол — наразылық» деген ойға жетелейді.




