Хромтау аудандық соты Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев пен Нұрбек Қазбекке қатысты қылмыстық істі қарады. Шабықбаев пара алу айыбымен, ал КҚазбек парақорлыққа қатысы барлығы және күш қолдану арқылы қаражат талап ету айыбымен айыпталды, деп жазады qandastar.kz сайты Alash.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтері бойынша, биыл күзде жергілікті кәсіпкер Қазбекке Шабықбаевқа орындаған жұмыстар актілерін тезірек бекітуге көмектесуін сұраған. Қала аумағын абаттандыру жұмыстарының жалпы құны – 27 млн теңге.
Қазбек кәсіпкерге әкімге 400 мың теңге көлемінде пара беруді ұсынған және өзіне қосымша 1,1 млн теңге талап етіп, күш қолданумен қорқытып үнемі ақша алмақ болған.
Кәсіпкер төлемді бөліп-жарып жіберген – 400 мың, 200 мың және 100 мың теңге. Осыдан кейін екеуі – Қазбек пен Шабықбаев ұсталып, екі айға қамауға алынды.
Сот отырысында айыпталушылар кінәларын мойындап, өкінгендерін айтып, кәсіпкерден кешірім сұрады. Сот жас балаларының барын, қылмыстың ашылуына белсенді көмектескенін және шынайы өкінгенін жеңілдетуші себеп ретінде ескерді.
Хромтау аудандық соты Шабықбаев пен Қазбекті кінәлі деп таныды. Екеуіне де 12 млн теңге айыппұл салынды және мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Казбекке қатысты «Қаражатты талап ету» бабындағы қылмыстық іс зардап шеккен адаммен татуласу нәтижесінде тоқтатылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Сағындық Шабықбаев соңғы екі жыл бойы Хромтау қаласын басқарды, әкімдікке өзін-өзі ұсынушы ретінде сайлауда жеңіске жеткен болатын.



