Жаңалықтар

Алғыр ой мен адал еңбек! Кәсіп бастаудың жолдары

Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған «Арманда, мақсат қой, еңбек ет, дәулетті бол!» тақырыбындағы ТЕD-x конференция Алматыда жалғасын тапты.

 Іс-шара «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында өтті. Жоба мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтылуына септігін тигізіп, құлықсыз жастарды жігерлендіру дейді жоба жетекшісі.

«Техникалық салада елімізге жастардың көбірек келгені жақсы. Олар, былайша айтқан кезде, жаратылыстану ғылымы дейді, сол бағытта, өкінішке қарай,  көптеген маман жетіспейді. Орнын шетелдік мамандар толтырып жатыр. Біз қолдан келгенше, жастарға дәріптеп, насихаттап жатырмыз»,-дейді «Адырна» қоғамдық қорының басшысы Арман Әубәкір.

Аталмыш конференцияға танымал блогерлер мен кәсіпкерлер қатысты. Жастарға мотивация беріп, тәжірибесімен бөлісті. Міндет болашақ ұрпақтың өмірлік жоспарлары мен келешегін дұрыс бағдарлауға септігін тигізу дейді Динара Бердалы.

«Егер сен ата-анаңа, жеті атаңа, айналаңдағыға риза болып, шүкірмен өмір сүрсең, бойыңа энергия бітеді. Ал энергия сізді алға жетелейді. Бұл психологияда дәлелденген. Сондықтан ісің жүрсін десең, кәсіп бастаймын десең, әуелі барыңа риза бол»,-дейді блогер, кәсіпкер Динара Бердалы.

Іс-шара барысында табысты бизнесмендердің бірі жастарға мүмкіндіктің көп екенін тілге тиек ете отырып, кәсіп бастаудың жолдарымен бөлісті.

«Қазір кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік өте көп. Тегін видео курстар, ақылы курстар бар, интернет дамыған.Сонымен қатар, жастардың кәсіп бастауына көмектесетін «Атамекен» палатасы да жұмыс істейді. Бұл кәсіп бастаудың бірінші жолы. Екінші жолы өзің ұнататын кәсіпорында істеп, тәжірибе жинау. Үшінші жолы мықты маманмен серіктес болу. Сол арқылы кіші кәсіп бастай аласың. Кіші кәсіптен өмірлік тәжірибе ұтасың»,- дейді Айбек Қуатбай.

Сонымен қатар танымал видео-блогер Әділет Рахметолла алғашқы кәсібін қалай бастағанын айтып, өмірлік дағдыларымен бөлісті. Ол алғашында табыс көрмей, тынымсыз еңбек еткен.

«Көпшіліктің кәсіп бастаудағы немесе оқу бітіргелі жатқан студенттердің қателігі бірден пайда көрсем дейді. Ол үлкен қателік. Тегін істеп тәжірибе жинаңыз, кейін сол тәжірибе сізге жемісін береді. Екінші мәселе ерте тұрып, ісіңді кейінге қалдырмау. Ерте тұрсаң жаратушы несібеңді арттырып, істеріңді реттеп қояды»,-деп кеңес берді.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close