Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алимент төлемей, букмекерге ақша тігіп жүрген 279 борышкер анықталды

Павлодар облысында алимент бойынша қарызы бар жүздеген адамның букмекерлік кеңселерде ақша тігіп жүргені анықталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл заң бұзушылықты облыстық прокуратура тексеру кезінде анықтаған.

Прокуратура мәліметінше, алимент бойынша берешегі бар 279 адам OLIMPBET арқылы еш кедергісіз бәс тігіп, ойын шоттарын толықтырған. Олар букмекерлік шоттарына жалпы 600 млн теңгеден астам қаражат салған. Ал ұтыс ретінде шығарылған ақша көлемі 415 млн теңгеден асқан.

Ең қызығы, осы адамдардың арасында алимент төлеуден әдейі жалтарып жүрген 97 борышкер болған.

Заң бойынша мұндай азаматтарға құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылуы керек. Осыған байланысты прокуратура Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне тиісті шара қабылдауды талап етті.

Енді букмекерлер борышкерлерді арнайы жүйе арқылы тексеруге міндетті. Бірыңғай есепке алу жүйесі клиенттің атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар-жоғын анықтап, қажет болған жағдайда оның ойынға қатысуына жол бермейді.

Қазір бұл жүйе жеті букмекерлік кеңседе толық іске қосылған. Олардың қатарында OLIMPBET те бар. Тағы 10 букмекерлік кеңсе жүйеге қосылу туралы келісімге қол қойған.

Жаңа тәртіп алимент қарызын өтеуден жалтарып, сонымен қатар букмекерлік кеңселерде ақша тігуге мүмкіндік алып жүрген азаматтарға шектеу қоюға тиіс.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button