Жаңалықтар

Алмасбек Садырбай ісі бойынша тергеу аяқталды: Іс сотқа жолданбақ

Фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі әрі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары аяқталғанын Алматы облысының прокуратурасы растады, деп хабарлайды qandastar.kz

Бұл ақпарат Tizgin.kz порталына жолданған ресми жауапта көрсетілген.

Хабарламада:
«Алматы облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы А.Ж. Садырбай мен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының жеті мүшесіне қатысты тергеу жұмыстарын аяқтады. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (алаяқтық), 218-бап 3-бөлігі (заңсыз табысты заңдастыру), және 262-бап (қылмыстық топ құру және оған қатысу) бойынша күдікке ілінді. Қазіргі уақытта іс материалдарымен танысу кезеңінде», – делінген.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың 6 қарашасында Садырбай мен оның тобы бірнеше ауданда — Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр — жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген болатын.

Тергеу деректеріне сүйенсек, бұл құрылымдардың негізгі мақсаты – мал шаруашылығына арналған субсидияларды заңсыз жолмен алу. Атап айтқанда, ұсақ малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру мен жем-шөп шығындарын өтеуге арналған мемлекет қаржысы.

Ол үшін ауыл шаруашылығы жері жоқ шаруа қожалықтары тартылып, жалған кадастрлық нөмірлер көрсетілген өтінімдер электронды түрде берілген. Құжаттарда кооператив басшыларының цифрлық қолтаңбалары (ЭЦҚ) өз келісімінсіз пайдаланылған.

Нәтижесінде мемлекетке 1,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Бұл деректі Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін растаған болатын.

Back to top button