Жаңалықтар
Алматы әкімдігі «Атакентте» тұрғын үй кешенін салмақ болған жерді қайтарып алады

Алматы әкімдігі «Атакент» көрме кешені аумағындағы тұрғын үй кешенін салуға жоспарланған жер телімін мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарып алмақ, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпараттық порталы.
2025 жылдың 10 сәуірінде қала әкімінің осыған қатысты қаулысы шыққан. Құжатқа сәйкес Бостандық ауданындағы көлемі шамамен 1,5 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылады. Бұл аумақта жаңа көрме залы салу жоспарланып отыр. Кейін жер қаланың мәдениет басқармасының қарауына өтеді.
Қоғамдық кадастрлық карта деректеріне сенсек, бұл жер бастапқыда паркингі бар тұрғын үй кешенін салуға арналған еді.
Қазіргі меншік иесі «Atakent Asia Development» ЖШС. Мемлекет пен компания арасында өтемақы сомасы келісім арқылы анықталады. Жерді толығымен қайтарып алу 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталады деп жоспарланған.