Қазақстандық белгілі компания Алматы қалалық әкімдігіне төрт бағыт бойынша – Ташкент, Төле би, Абай және Әл-Фараби көшелерінде жолаушыларға арналған аспалы жолдарды салуды тегін ұсынған. Компания өз қаражатымен инвестицияларды да қарастырған. Алайда журналист Бағдат Қожахметов әкімдіктен ләм-мим жауап болмағанын айтады, деп жазады qandastar.kz
Жоба деректері бойынша бір бағыт күніне 150 мыңға дейін жолаушыны тасымалдауға қабілетті. Ол трафик мәселесін шешеді.
Ал әкімдіктің рөлі – әр 200 метрде 1–2 м² жер бөлу және шағын станциялар үшін орын ұсыну ғана. Яғни бюджетке шығын жоқ.
«Қала әкімі ресми түрде жобаға иә деп те, жоқ деп те жауап берген жоқ. Кейін үкімет деңгейінде ұқсас жоба пайда болды, бірақ ол үшін миллиардтаған қаражат қажет екен…», — деп жазды журналист.
Бағдат Қожахметов хабарлағандай, жобаның халықаралық патенті бар, сондықтан оны тек осы компания Алматыда жүзеге асыруға құқылы.
«Осындай технологиялық жобалар қаншалықты пайдалы екенін түсінсең де, шенеуніктердің бюрократиялық батпағында өліп кетеді. Бұл қараңғыда атылған оқ сияқты, бірақ бәлкім, бір күні жарыққа шығатын шығар», — деді ол.



