
Алматы әуежайындағы көліктегі полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзу дерегінің жолын кесті.
Оқиға «Алматы – Франкфурт» бағытындағы рейске тіркелу кезінде әуежайдың екінші қабатында орналасқан анықтама бюросы маңында болған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Полиция мәліметінше, мас күйдегі ер адам өзін агрессивті ұстап, айналасындағыларға балағат сөздер айтқан. Сонымен қатар, ол шыны витринаға қолымен соққы жасап, әйнек бюро қызметкерлерінің үстіне құлаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Тәртіп бұзушы көлік полицейлері тарапынан полиция бөлмесіне жеткізілді. Оның Қазақстан аумағында тұратын, Арыс қаласындағы жекеменшік компаниялардың бірінде жұмыс істейтін 32 жастағы Канада азаматы екені анықталған.
Тексеру нәтижесінде шетелдік қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«Қоғамдық тәртіпті бұзатын және қоғамға құрметсіздік танытатын кез келген құқыққа қайшы әрекеттер ішкі істер органдарының ерекше бақылауында болады және заңнамаға сәйкес қатаң түрде жолы кесіледі», – деп ескертті көліктегі полиция департаменті.
Сондай-ақ полиция азаматтарды қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтау үшін заң талаптарын құрметтеуге шақырды.



