Жаңалықтар
Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамға үш қылмыстық іс қозғалды

Фото: inbusiness
Ішкі істер министрлігі Алматы әуежайындағы адамдарды кепілге алған ер адамның әрекетіне қатысты алғаш рет түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қолына пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, сөмкесінде бомба барын айтып, жолаушыларды қорқытқан.
Болған жағдайға қатысты үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалды:
Кепілге алу (қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі, 4-тармағы) – мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді; Қару қолданып бұзақылық жасау (қылмыстық кодекстің 293-бабы, 3-бөлігі) – 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (қылмыстық кодекстің 273-бабы) – 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаны жан-жақты зерттеу үшін жедел-тергеу тобы құрылды.
Күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.