Алматы қаласы өңіріміздегі өмір сүру құны ең жоғары қала ретінде танылды. Numbeo деректеріне негізделген жаңа индекс бойынша оңтүстік астана әлемдік тізімде 401-орынға жайғасты. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Instagram желісіндегі Аlmaty.suntimes парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өмір сүру құны бойынша қалалар төмендегідей орналасты (көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, қала соғұрлым қымбат саналады):
- Алматы – 33,0 балл
- Астана – 29,7 балл (әлемде 428-орын)
- Ташкент – 29,4 балл
- Бішкек – 28,8 балл
- Душанбе – 28,6 балл
Индексте эталон ретінде Нью-Йорк қаласы алынып, оған 100 балл берілген. Осыған сәйкес, Алматыда өмір сүру құны америкалық мегаполиспен салыстырғанда 67 пайызға арзан, алайда көршілес елдердің қалаларынан едәуір қымбат.
Ал әлемдегі ең арзан қалалар Үндістанда орналасқан. Бұл елдегі кейбір қалалардың өмір сүру индексі небәрі 17-18 балды құрайды.