Жаңалықтар

Алматы маңында болған жол апатында Еуропа чемпионы қаза тапты

Бүгін таңертең «Алматы – Бішкек» тас жолында болған ірі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандардың арасында елге танымал бірнеше саңырау спортшылар мен спорт ардагерлері бар екені анықталды, деп жазады qandastar.kz сайты Tengri Sport порталына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі алда келе жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соқтығысқан. Соққы салдарынан жолаушылардың жетеуі оқиға орнында көз жұмған.

Бұл қайғылы жағдай Қазақстандағы саңырау спортшылар қауымдастығына ауыр соққы болды. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Ұлттық сурдлимпиялық комитетінің вице-президенті және Жол қауіпсіздігі ассоциациясының президенті Арсен Шакуов хабарлады. Оның айтуынша, қайтыс болғандардың арасында Еуропа чемпионы және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы Дмитрий Мочальский болған.

Олардың қатарында:

  • Асыл Ибраимов – саңырау спортшыларға арналған футбол жаттықтырушысы
  • Дмитрий Мочальский – сурдлимпиялық чемпион және Еуропа чемпионы (шахмат)
  • Сәкен Смағулов, Сергей Волковинский, Серік Молдашев – футбол ардагерлері және саңырау спортшылар арасындағы ұлттық құраманың мүшелері.

«Барлығында артында бала-шағасы, немерелері қалды… Олардың бәрін бала кезімнен танимын, әкемнің ең жақын достары еді… Жандары жәннатта болсын… Иманды болсын!» – деп жазды А.Шакуов.

Полиция мен ресми органдар әзірге қаза тапқандардың аты-жөнін ресми жариялаған жоқ. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, полиция қылмыстық іс қозғады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button