Полиция Алматы мектептеріне террористік актілер дайындалып жатқаны туралы ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қалалық полиция бұл ақпараттың фейк екенін айтып, жоққа шығарды.
«Ресми түрде хабарлаймыз: аталған мәлімет шындыққа сәйкес келмейді және фейк болып табылады», — делінген мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта қаладағы білім беру ұйымдарындағы ахуал толық бақылауда.
Полиция және өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды.
Жалған ақпаратты таратқан адам іздестіріліп жатыр.
«Оған қатысы бар тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», — дейді департаменттегілер.
Полиция азаматтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге бой алдырмауға және тек ресми ақпарат көздеріне — мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының хабарламаларына ғана сенуге шақырады.



