Жаңалықтар
Алматы облысы әлі түтінге тұншығып отыр: жедел штаб құрылды

Фото: ТЖМ
Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің тапсырмасымен кеше кешке оқиға орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев келген.
«Полигонда өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб құрылды. Өртті сөндіретін 6 учаске құрылды. Оқиға орнында Терең-Қара өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 6 техника жұмылдырылды. Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілді», — деді ТЖМ өкілдері.
Мәліметке сүйенсек, 10 метр тереңдіктегі бықсу, жел бағытының өзгеруі жағдайды қиындатып отыр.
Одан бөлек өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылған. Барлығы 200-ден аса жеке құрам мен 90-нан аса техника жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев полигонға екі күн өткен соң ғана барған.