Жаңалықтар
Алматы облысында полиция мемлекеттік рәміздерді қоқысқа тастағандарды іздестіріп жатыр
Фото: видеодан скрин
Алматы облысында белгісіз біреулер мемлекеттік рәміздерді далаға тастаған. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, рәміздерді қорлағандарды іздестіріп жатыр. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қоқыста жатқан рәміздердің видеосы әлеуметтік желіде тараған. Автордың сөзінше, видео Талғар ауданындағы Еркін ауылында түсірілген.
«Сұмдық жағдай, мемлекеттік рәміздер қоқыста шашылып жатыр. Бұл тек заң бұзушылық емес, елімізге және оның рәміздеріне көрсетілген құрметсіздік. Біз мемлекеттік органдарға жүгініп, тергеу бастауын және кінәлілерді анықтауын талап етеміз. Сонымен қатар мұндай жайт енді қайталанбауы керек», – деді автор.
Желі қолданушылары аталған жайтқа қатысты наразылықтарын білдіріп, мемлекеттік рәміздерді жоюдың арнайы тәртібі барын алға тартты.
Талғар ауданының әкімдігі қоқыс полигонының Қайнар ауылдық округіндегі жекеменшік аумақта орналасқанын мәлімдеді. Рәміздер бүгінде қоқыстан шығарылған.
«Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қоқысты тексерді. Тексеріс барысында мемлекеттік рәміздермен бірге колледж құжаттары табылды. Рәміздер қоқыстан шығарылды. Жою жұмыстары мемлекеттік ту мен рәмізді ауыстыру және жою ережесіне сәйкес жүргізіледі», – деді Талғар ауданының әкімдігі.
Ведомство өкілдері мемлекеттік рәміздердің Талғар ауданындағы мекемелерге тиісті емесін хабарлады.
Ал полиция қылмыстық іс қозғап, тексеріс жүргізіп жатыр.
«Мемлекеттік рәміздерді қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір Талғар аудандық полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Кінәлілерге қатысты тиісті шара қолданылады», – делінген полиция хабарламасында.