Алматы-Бішкек трассасында жол апатынан мүмкіндігі шектеулі бес спортшы қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл ақпаратты Ұлттық сурдлимпиялық комитеттің вице-президенті және жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов растады.
Қаза тапқандардың аты-жөні:
• Асыл Ибраимов – құлағы естімейтін спортшылар арасындағы футбол жаттықтырушысы;
• Дмитрий Мочальский – Сурдлимпиялық ойындар мен Еуропа чемпионатының жеңімпазы;
• Сәкен Смағұлов – құлағы естімейтін футбол құрамасының ойыншысы;
• Сергей Волковинский – ұлттық құраманың ардагері;
• Серік Молдашев – құлағы естімейтін футбол құрамасының мүшесі.
Туризм және спорт министрлігі спортшылардың отбасыларына көңіл айтты.
«Спортшыларымыз Қырғыз Республикасындағы жарыстан елге қайтып келе жатқан жолда жол-көлік оқиғасына ұшырап, бес спортшымыз көз жұмды. Бұл – спорт қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қайғы», — делінген мәлімдемеде.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше «Honda Odissei» көлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан «HOWO» жүк көлігінің тіркемесімен соқтығысқан.
Салдарынан жеңіл көлікте болған барлық жеті адам, соның ішінде жүргізуші де алған жарақаттарынан қаза тапты. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.



