Алматы онкологиялық аурулармен күресте Қазақстандағы жетекші орталықтардың бірі ретінде өз позициясын одан әрі нығайтып келеді. Заманауи жабдықтар, жоғары технологиялы әдістер және жаңа буын мамандарын даярлау қаланы онкологиялық көмектің ұлттық хабына айналдырып отыр, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы.
Медициналық қызмет көлемі өсуде
Биылғы жылдың 10 айында Алматыдағы онкоорталықта 22 185 пациент ем алды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға артық. Емдеу көлемі барлық бағыт бойынша артты. Орталықта 2 417 операция жасалды, 17 034 сеанс сәулелік терапия жүргізілді, ал 687 694 диагностикалық зерттеу орындалды. Сонымен қатар 18 929 адам химиотерапиялық ем алып, 6 458 пациент амбулаторлық химиотерапиядан өтті. Онколог мамандардың консультациялары да көбейіп, биыл 146 783 қабылдауға жеткен.
Өңірлерден келетін емделушілер саны артқан
Онкоорталыққа деген сенім тек Алматы тұрғындары арасында емес, бүкіл ел бойынша артып келеді. Биыл мегаполиске 846 онкопациент басқа өңірлерден келіп, олардың әр алтыншысы жоғары технологиялы ем алу үшін дәл осы орталықты таңдағаны анықталды.
Орталықта иммуно-химиялық талдаулар, таргеттік терапия, инвазивті хирургиялық әдістер секілді заманауи диагностикалық және емдеу тәсілдері кеңінен қолданылады. Жабдықтар жаңартылып, халықаралық стандарттарға сай технологиялар енгізіліп келеді.
Медицинадағы жасанды интеллект
Аталған орталықта ТМД аумағында алғаш болып химиопрепараттарды дайындайтын KIRO Oncology роботтық жүйесі орнатылды. Бұл жүйе препараттың штрихкодын, көлемін және сыртқы көрінісін бірнеше деңгейде тексеріп, дозаны миллиграммдық дәлдікпен есептейді. Жасанды интеллект дайын ерітіндіні эталондық базамен салыстырып, кез келген сәйкес келмеушілікте процесті автоматты түрде тоқтатады.
Робот қазірдің өзінде 35 мыңнан астам препарат дозасын дайындады. Бұл токсикалық препараттармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Осылайша, цифрлық шешімдерді енгізу, жоғары технологиялы құралдарды пайдалану және жаңа буын мамандарын даярлау Алматыны Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы онкологиялық көмектің инновациялық үлгісіне айналдырып отыр.



