Алматыда қоғамдық орындарда электр шокерді қолдану арқылы айналасындағыларды үрейлендірген 34 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, ер адам электр шокерді адамдарға тікелей қолданбағанымен, оны түрлі заттарға пайдаланып, қауіп төндіретін жағдай жасап, өтіп бара жатқан азаматтарды қорқытқан.
Аталған әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланды.
Аталған дерек бойынша ол ұсақ бұзақылық және арнайы құралдарды заңсыз қолдану фактілері бойынша жауапқа тартылды.
Мамандандырылған аудандық әкімшілік соттың шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Полиция өкілдері азаматтарға қауіп төндіретін немесе қорқыныш сезімін тудыратын кез келген әрекетке құқықтық тұрғыда қағидатты баға берілетінін атап өтті.
«Электрошокер тікелей адамға қолданылмаса да, оны қоғамдық орындарда көрсету мен пайдалану айналадағылардың үрейіне, дүрбелеңге себеп болуы мүмкін. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады және жауапкершілікке әкеледі. Азаматтарды тәртіп нормаларын сақтауға шақырамыз. Адамдардың қауіпсіздігі – басты басымдық», — деп қорытындылады Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.



