Жаңалықтар

Алматы тұрғыны ұлын азаптады деп полицейлерді айыптады

Алматы тұрғыны Жанат Құлжанисова ұлын полиция қызметкерлері заңсыз ұрып-соғып, мойындатуға тырысқанын айтып, қоғамнан араша сұрады. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады, деп хабарлады qandastar.kz.

Әйелдің сөзінше, оқиға 29 мамыр күні болған. Таңғы уақытта ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері олардың үйіне басып кіріп, 70 жастағы ананы итеріп жіберген.

«Мен жерге құладым, орнымнан тұра алмадым. Баламды көз алдымда ұрып-соғып, қолын қайырды. Үйден шығуға рұқсат бермеді», – дейді ол.

Жанат Құлжанисованың айтуынша, тінту кезінде ұлы Алмаз Алтайұлының көлігінен мылтық салынған сөмке табылған. Бірақ ана бұл зат әдейі салып жіберілген деп санайды.

«Баламды қорқытып, басқа адамдарға жалған куәлік беруді талап еткен. Келіспесе, «кісі өлтіру ісін мойныңа артамыз» деп қоқан-лоқы жасаған», – дейді ол.

Айтуынша, Алмаз жолда және тергеу кезінде бірнеше рет физикалық әрі психологиялық қысым көрген. Қазір ол жалғыз адамдық камерада отыр.

Ашынған ана ұлына тағылған айыптың әділ тергелуін және азаптау фактісі бойынша тексеріс жүргізуді талап етті.

Алматы полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, Алмаз А. есімді азаматтың ұйымдасқан қылмыстық топ ісі бойынша күдікті ретінде ұсталғанын хабарлады.

«Күдіктілерден қару-жарақ, оқ-дәрі және суық қарулар тәркіленді. Тергеу заң талаптарына сәйкес жүргізілуде», – делінген ПД мәлімдемесінде.

Алайда департамент өкілдері азаптау дерегіне қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

Back to top button