Алматыда 13 жастағы жасөспірімге қатысты зорлау дерегі бойынша іс сотта қаралып жатыр. Процесс барысында материалдар қайта сараланып, жағдайға құқық қорғаушылар мен балалар омбудсмені араласқан. Мәліметті Zakon.kz сайтына сілтеме жасап Qandastar.kz жариялады.
Құқық қорғаушы Ляззат Ракишева әлеуметтік желіде 2025 жылғы 1 қыркүйекте Алматыда 13 жастағы қызға қатысты ауыр қылмыс жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында күдіктінің туыстары, адвокаттары және әкесі тарапынан балаға қысым көрсетіліп, жасөспірім болған жағдайға өзі кінәлі деген ойға итермеленген.
Сонымен қатар құқық қорғаушы алты ай бойы қызға қажетті психологиялық көмек көрсетілмегенін айтты. Соның салдарынан сот отырысында жәбірленушінің айғақтары өзгерген.
Жағдайға қатысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева пікір білдіріп, 2025 жылдың желтоқсанында тергеу ісі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған бап бойынша сотқа жолданғанын жеткізді. Алайда сот қарауы барысында іс қайта сараланған. Осыған байланысты прокуратураға тиісті шара қабылдау туралы өтініш жолданған.
Айта кетейік, 24 ақпанда Түркістан облысында кәмелетке толмаған туысын зорлаған зейнеткерге қатысты сот үкімі шыққаны туралы да хабарланған еді.



