Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматыда әйел тұрғын үй ауласында босанды: жедел жәрдем қызметі түсініктеме берді

Алматының Наурызбай ауданында тұрғын үй кешенінің ауласында әйел босанып қалды. Дәрігерлер оқиға орнына жетіп, сәбиді аман-есен қабылдаған. Ана мен жаңа туған қыз баланың жағдайы тұрақты, қазір олар перинаталдық орталықта мамандар бақылауында.

Алматының Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында әйел босанып қалды. Қазіргі уақытта ана мен жаңа туған нәрестенің жағдайы тұрақты, олар дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Оқиға Шұғыла ықшамауданында болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, әйел жедел жәрдем келгенге дейін босану процесінің белсенді кезеңіне жеткен. Куәгерлер жедел жәрдем көлігінің ауладағы көліктерге байланысты кіруде қиындыққа тап болғанын айтқан.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем шақыртуы сағат 06:21-де қабылданып, медициналық бригада оқиға орнына 06:31-де жеткен.

Дәрігерлер келген кезде әйелдің босанудың белсенді кезеңінде болғанын анықтаған. Нәтижесінде салмағы 3 370 грамм болатын қыз бала жедел жәрдем көлігінің зембілінде дүниеге келген. Сәбидің бірден жылағаны және медицина қызметкерлерінің ана мен балаға қажетті көмекті көрсеткені хабарланды.

Кейін ана мен нәресте қалалық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, медициналық бақылауға алынған.

Тұрғындардың айтуынша, бұл аумақта автотұрақ мәселесі жиі туындайды. Көліктердің көптігі жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да шұғыл қызметтердің өтуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып, олар мәселенің шешілуін сұрап отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button