Жаңалықтар

Алматыда әскери қызметке енді ғана алынған сарбаз қайтыс болды

Фото: ашық дереккөз

Алматы облысындағы Шекара қызметінің медициналық қамтамасыз ету бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз —  Нұрасыл Ануардың қайтыс болғаны белгілі болды, деп жазды qandastar.kz

Нұрасыл Ануар небәрі бір апта бұрын, 27 қыркүйекте әскерге шақырылып, Қарасай шекара бөлімшесінде қызметін бастаған. Бір аптадан соң сарбаздың денесі туған үйіне табытпен жеткізілді.

Марқұмның туыстары оның әскерге үлкен жауапкершілікпен, патриоттық сезіммен кеткенін айтады.
«Біз оны жібергіміз келмеді, жүрегіміз бірдеңені сезді. Бірақ Нұрасыл Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған еді. Ол әскер қатарында болуды абырой санайтын», —  дейді марқұмның жақындары.

Алдын ала мәлімет бойынша, сарбаздың өліміне менингококцемия диагнозы себеп болған. Алайда туыстары бұл нұсқаға күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуынша, Нұрасыл әскерге дейін де, шақырылған соң да денсаулығына ешқандай шағым айтпаған, сондай-ақ оның ауырғаны туралы да еш хабар болмаған.

«Таңертеңнен бері баламыздың денесін көре алмай отырмыз. Бір жерден екінші жерге сілтейді. Нұрасыл өте мейірімді, жүрегі таза, әділетті әрі өмірге ғашық жан еді. Оның өлімі – біз үшін орны толмас қайғы», — дейді марқұмның отбасы.

Қайғылы оқиғаға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу басталғанын және қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«ҰҚК Шекара қызметі марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады», —  делінген ведомствоның ресми мәлімдемесінде.

Back to top button