Алматы қаласы мен Алматы облысынан келген 315 фермер мен тауар өндіруші көктемнің алғашқы демалыс күндері жәрмеңкелерде өз өнімдерін ұсынады. Сауда 7–8 наурыз күндері өтеді.
Жәрмеңкелерге жалпы көлемі шамамен 2000 тонна азық-түлік жеткізіледі. Сатылымда мыңнан астам түрлі өнім болады. Олардың қатарында көкөніс пен жеміс-жидек, ет, құс еті, балық, сүт өнімдері, шұжық, жұмыртқа, бакалея тауарлары, бал, өсімдік майы және басқа да азық-түлік түрлері бар.
Бағаны тұрақтандыру шаралары аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бекіткен қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріледі. Делдалдардың болмауы өндірушілерге тауарларын нарықтағы бағадан шамамен 10–15 пайызға арзан сатуға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін төрт ауданда демалыс күнгі жәрмеңкелер ұйымдастырып келеді. Олар: Алмалы ауданында Масанчи мен Гоголь көшелерінің қиылысында, Бостандық ауданында Қазақфильм шағынауданында, Әуезов ауданында Өтеген батыр көшесі мен Абай даңғылының қиылысында, сондай-ақ Медеу ауданында Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысында өтеді.
Биыл жәрмеңкелерді барлық ауданда тұрақты өткізу жоспарланып отыр. Жаңа сауда алаңдары ретінде Түрксіб, Алатау және Наурызбай аудандары қосылады. Бұл шара ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қала тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынуға және оларды қала аумағында біркелкі таратуға бағытталған.
Сонымен қатар Бостандық және Әуезов аудандарындағы жәрмеңке алаңдарын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жөніндегі қосымша мәлімет кейінірек жарияланады.



