Алматыда әлеуметтік желіде діни мазмұндағы контент таратқан блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық Дін істері жөніндегі басқарма мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Ведомствоның мәліметінше, заң бұзушылық мониторинг барысында анықталған. Осыған байланысты 24 шілде күні азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделді.
Істі қарау барысында блогер өз кінәсін толық мойындаған. Соның нәтижесінде іс қысқартылған тәртіппен қаралып, оған әкімшілік айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін аталған блогер сән көрсетілімінде подиумға шыққан қыз балаларға қатысты жариялаған бейнеүндеуінен кейін қоғам назарын аударған болатын. Ол бұл жағдайды діни тұрғыдан сынға алып, айтқан пікірі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды.
Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тұрғындарды діни қызмет саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырды.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 9-бабына сәйкес діни әдебиеттер мен өзге де діни мазмұндағы материалдарды тек заңда белгіленген орындарда ғана таратуға рұқсат етіледі. Олардың қатарында ғибадат үйлері, діни білім беру ұйымдары және жергілікті атқарушы органдар айқындаған арнайы стационарлық орындар бар.
Заң талаптарын бұзған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.



