
Алматыда 41 жастағы ер адам туған анасын пышақтап өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қайғылы оқиға 30 қазанда Бостандық ауданының Дунаев көшесінде болған деп хабарлайды qandastar.kz
Көршілердің айтуынша, күдікті оқиға алдында анасымен жанжалдасып, кейін мәйітті кілемге орап, қоқысқа тастаған.
«1988 жылдан бері осы үйде тұрамыз. Өте өкінішті жағдай. Анасы жақсы адам еді. Ал ұлы, 1984 жылы туған Иван, жүйке ауруына шалдыққан болатын. Ауруы күзде асқынады. Сол кезде үйінде айқай-шу жиі естілетін. Балаларға дейін тиісіп, өз-өзін ұстай алмайтын», – дейді көршісі Галина.
Көршілердің сөзінше, ер адам бұған дейін де бірнеше рет терезеден секіріп, психикалық дертке байланысты ауруханада емделіп жүрген. Ол еш жерде жұмыс істемеген, анасы екеуі ғана тұрған.
Қазір оқиға орны мөрленген.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, күдікті оқиға орнынан көп ұзамай ұсталған.
«41 жастағы жергілікті тұрғын өз анасын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам психиатриялық есепте тұрған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді ол.
72 жастағы әйелдің өліміне байланысты істің мән-жайы анықталуда.



