Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 27 ақпанда қала тұрғындары мен қонақтарына ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz. Ақпаратты дереккөзге сілтеме жасап Qandastar.kz сайты жариялады.
Мамандардың мәліметінше, 28 ақпанға қараған түні Алматыда қар жауып, уақытша тұман түсуі, көктайғақ пен желдің күшеюі ықтимал. Таулы аймақтарда қалың қар, тұман және жол бетінің мұздануы күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Осы жағдайға байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге барынша сақтық таныту ұсынылады. Көліктерді ағаштардың, электр желілерінің және басқа да ілінген құрылымдардың астына қоюға болмайды. Сонымен қатар таулы аймақтарға шығуды уақытша тоқтата тұру қажет екені ескертілді.
Мұзды жолдарда қауіпсіздікті сақтау үшін мамандар қарапайым ережелерді ұстануға шақырады: жолды тек арнайы белгіленген жерлерден кесіп өту, телефонға алаңдамау, баспалдақтар мен тротуарларда мұқият жүру, сырғанамайтын табаны бар аяқ киім кию және тепе-теңдікті сақтау үшін қолды қалтада ұстамау. Автобус аялдамалары мен сырғанау қаупі жоғары аймақтарда ерекше абай болу қажет.
Синоптиктер бұған дейін 27, 28 ақпан және 1 наурыз күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялаған болатын.



