Әлеумет және қоғам

Алматыда «компот» ішкен ер адам химиялық күйікпен ауруханаға түсті

Алматыда дәмханадан жеткізілген сусынды ішкен 27 жастағы ер адам ауыр химиялық күйік алды. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп, сұйықтық сараптамаға жіберілді.

Алматыда дәмханадан жеткізілген сусынды ішкен ер адам ауыр химиялық күйік алып, ауруханаға түсті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады, ақпаратты qandastar.kz сайты сілтеме жасап жариялады.

Оқиға жәбірленушінің туыстары тамаққа тапсырыс бергеннен кейін болған. Тамақпен бірге «компот» ретінде жеткізілген сусыннан 27 жастағы ер адам бір ұрттам ішкен сәтте ауыз қуысы қатты күйдіргенін сезген. Ол сұйықтықты дереу түкіріп үлгергенімен, ауыз қуысы, өңеші және асқазаны зақымданған.

Жақындарының айтуынша, бөтелкедегі сұйықтық әдейі уланған болуы мүмкін. Олардың сөзінше, оқиға қасиетті Рамазан айында болған және мұндай жағдай кез келген адамның, тіпті баланың да басына түсуі ықтимал еді.

Дәрігерлер науқасқа өңештің екінші дәрежелі химиялық күйігі және терінің бірінші дәрежелі күйігі диагнозын қойған. Қазір оның жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек толық көрсетіліп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, бөтелкеде тұрмыстық химиялық зат болуы мүмкін. Сұйықтықтың нақты құрамы сараптама арқылы анықталады. Полиция тексеру жұмыстарын бастап, сот-медициналық сараптамалар тағайындады. Егер қылмыс құрамы анықталса, заңға сәйкес қылмыстық іс қозғалады.

Жәбірленушінің туыстары істің әділ тергеліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.

Back to top button