Жаңалықтар
Алматыда күзетшіні соққыға жыққан ер адам қолға түсті

Фото:видео скриншот
Алматыда тұрғын үй кешенінің ауласында күзетшіні соққыға жыққан ер адам қолға түсті. Оқиға Бостандық ауданындағы көпқабатты үй ауласында болған, деп хабарлайды qandastar.kz
Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші шлагбаумның ашылуын ұзақ күткен. Бірнеше рет сигнал бергеннен кейін, күзетші оған сабыр сақтауды өтініп, ескерту жасаған. Алайда бұл қарапайым ескерту күтпеген жерден жанжалға ұласып, жүргізуші күзетшіге жұдырық ала жүгірген.
Аталған оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
Бостандық аудандық полиция басқармасы «ұрып-соғу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу аясында іс жан-жақты, толық әрі объективті қаралуы үшін кешенді шаралар жүргізілуде, — деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқиға қоғам назарынан тыс қалмады. Әлеуметтік желілерде көпшілік күзетшінің әрекетін сабырлы әрі кәсіби деп бағалап, жүргізушінің әрекетін қатаң сынға алды. Пікір жазушылардың басым бөлігі мұндай әрекеттерге қатаң жаза қолдану керек деп есептейді.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабына сәйкес, «ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» фактісі бойынша кінәлі тұлғаға айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу секілді жазалар қарастырылған. Тергеу нәтижесіне қарай нақты жаза түрі анықталатын болады.