ҚМА Алматы департаменті прокуратураның үйлестіруімен «Е-лицензиялау» жүйесіне жалған ақпарат енгізу арқылы заңсыз әрекет жасаған тұлғалар тобын анықтады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2021 жылдан бері қылмыстық топ Алматы қаласы «Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасы» КММ қызметкерлерімен сөз байласу арқылы өздеріне қарасты компаниялар арқылы өндірістік базалар, арнайы техника және білікті инженерлік-техникалық мамандардың бар екенін растайтын жалған мәліметтер ұсынған. Шын мәнінде, бұл талаптарға сәйкестік болмаған.
Салдарынан 400-ден астам заңды тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында І санаттағы лицензияларды заңсыз алған. Тінту кезінде жалған әрекеттерді растайтын құжаттар мен заттай айғақтар тәркіленді.
Ұйымдастырушылар көрсеткен «қызметтері» үшін әрбір компаниядан 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін сыйақы алған. Тергеу жалғасуда, әрі ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес қосымша ақпарат жарияланбайды.



