Жаңалықтар
Алматыда TikTok мектебі ашылады

Алматыда Жастар саясаты басқармасының қолдауымен креативті жастарға арналған TikTok мектебі ашылады, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Оқу бағдарламасы екі айға жоспарланған және аралас форматта өтеді. Сабақ жартылай онлайн, жартылай офлайн форматта ұйымдастырылады. Курсты TikTok саласының маманы, әлем бойынша аудиториясы 23 миллионнан аса оқырманы бар блогер жүргізеді.
Мектеп қатысушыларға контент жасаудың қыр-сырын және оны әрімен дамытуға бағытталған. Оқу барысында жастар TikTok трендтерімен, платформаның алгортимдерімен, сторителлинг негіздерімен, түсірілім және монтаж әдістерімен танысады. Сонымен қатар жеке бренд қалыптастыру мен аудиториямен жұмыс істеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасында атап өткендей, жоба жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және оларды заманауи цифрлық индустрияларға тартуға арналған тиімді алаң болмақ.
Алғашқылардың бірі болып тіркелген – жас контентмейкер Ернар Сембеков. Ол бейнежазбалар түсіріп жүргенімен, қаралым мен жазылушылар санын арттыруда қиындықтарға тап болуда.
«Мектеп мен үшін контентпен дұрыс жұмыс істеуді үйренуге үлкен мүмкіндік. Сарапшылардан ақыл-кеңес алып, өз идеяларымды сәтті жобаларға айналдыруды үйренемін деп үміттенемін», – деді ол.
Өтінімдер 6 маусымға дейін қабылданады.