Алматыда жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп жазады qandastar.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топ қиын өмірлік жағдайға тап болған жас әйелдерді сыйақы үшін сәбиін бөгде адамға беруге итермелеген.
«Қылмысқа қатысы бар тұлғалар ұсталды. 20-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр», — делінген хабарламада.
Енді қылмыстық топ мүшелері 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетері, Ішкі істер министрлігі «STOP-трафик» бағдарламасы аясында адам саудасымен байланысты бірқатар ауыр қылмыстың жолын кесті.
Барлығы 39 факт тіркелді, оның 6-ы кәмелетке толмағандарға қатысты.
Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тарту схемалары анықталды. 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жолданбақ.
«Шымкент, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы түнгі ойын-сауық орындарын тексеру барысында, кәмелетке толмағандарды әртүрлі қанау түрлеріне тарту фактілері анықталды. Астанада полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, Гёте көшесіндегі теміржол вокзалы маңында рейдтер жүргізді. Нәтижесінде сегіз адам азаматтарды жыныстық қанау мақсатында притондар ұйымдастыру және ұстау күдігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр», — делінген хабарламада.



