
Алматыда бүгін тіркелген жер сілкінісінен кейін қала бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, полиция патрульдері мен өртке қарсы қызмет мамандары мегаполистің түрлі аумақтарын аралап жүр, деп жазады Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын алу мақсатында бірнеше құрылымдар бір уақытта тексеріс жүргізуде.
«13:10-дағы жағдай бойынша, полицияның патрульдік көліктері мен өрт сөндіру қызметінің нарядтары шағын аудандарды аралап жүр. Гидробекеттердің бақылаушылары және инженерлік-техникалық мамандар алгоритмге сәйкес ғимараттар мен өзен арналарына тексеру жүргізіп жатыр», – делінген ведомствоның хабарламасында.
Сонымен қатар, өзен арналары, гидротехникалық нысандар және сел жүру қаупі бар учаскелерді бақылауға алынған.
Қаладағы өмірді қамтамасыз ететін инфрақұрылым да тексеріліп жатыр. ТЖД мәліметінше, қазір барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Айта кетейік, бүгін алматылықтар жер асты дүмпулерін сезінген. Тұрғындардың айтуынша, кей үйлерде қабырғалар сәл дірілдеп, люстралар тербелген. Көпшілік мессенджерлер арқылы бір-біріне хабар беріп, кей тұрғындар қауіпсіздік мақсатында үй сыртына шыққан.
ТЖД дерегіне сәйкес, 4 желтоқсанда сағат 12:44-те сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеген. Алматыдағы есептік қарқындылығы 3 балл деп бағаланған.



