Жаңалықтар
Алматыда жылжымайтын мүлік сатып алудан бұрын нені білу керек
Былтыр жыл басынан бері соттарға заңнама мен құрылыс нормаларының талабын бұзғаны үшін 230 талап арыз жолданды. Оның ішінде 96 нысан толық немесе жартылай бұзуды талап етеді,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұзуға жататын нысандардың ішінде тұрғын үй кешендері мен таунхаустар бар. Міндетіне салғырт қараған құрылыс салушылар ондағы бірқатар пәтерді сатқан. Көбінесе құрылыс салушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерге рұқсат талап етілмейтіндігін пайдаланады. Бұл көбінесе бастапқы жылжымайтын мүлік нарығындағы күмәнді мәмілелерге ықпал етеді. Бұл жағдайда тексеру мен сот талқылауын жүргізудің құқықтық нормасында белгіленген рәсімдерінің ұзақтығы міндетіне салғырт қараған жауапсыз құрылыс салушыға заңсыз нысанда пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың белгілі бір санын сатуға мүмкіндік береді.
«Алайда жылжымайтын мүлік нарығындағы мәміледегі шығындарды болдырмау үшін құрылыс салушыдан толық рұқсат құжаттарын талап ету немесе Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 WhatsApp анықтамалық арнасы арқылы тиісті құжаттарының бар-жоғы туралы сенімді ақпарат алу қажет екенін ұмытпаған жөн. Қала құрылысы және урбанистика басқармасынан құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы туралы ақпарат алуға болады»,- деп атап өтті әкімдіктен.
Егер тұтынушы жылжымайтын мүлікті заңсыз нысанда сатып алса, құрылыс салушы қаражатты қайтарудан бас тартқан жағдайда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне және құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгінуі керек.
Басқарма сонымен қатар осы нысандардың бірқатары неліктен жартылай салынғанын және олардың құрылысы бастапқы кезеңде қандай себеппен тоқтатылмағанын түсіндірді.
«Қазіргі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары құрылыс нысандарына кедергісіз бару құқығынан айырылды. Жоспардан тыс тексерулер ҚР Кәсіпкерлік кодексімен регламенттеледі және тек ресми өтініш негізінде жүргізіледі. Осылайша, заңсыз құрылыс фактісін тіркеу және құрылыс салушыға шара қолдану үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу қажет», – делінген хабарламада.