
Алматы қаласындағы №29 балабақша асханасынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды qandastar.kz.
Кадрлардан тарақандардың қаптап жүргені, түрлі жәндіктердің қабырға, еден және плитаның үстінде өріп жүргені анық көрінеді.
Ата-аналардың айтуынша, бұл мекемеде балаларға жиі бұзылған тамақ беріліп келген. Кейбірі ботқадан тірі жәндіктер шыққанын да айтып отыр.
Бұдан бөлек, ата-аналар асханадағы азық-түлік ұрлығы көбейіп, тәртіптің нашарлағанын мәлімдеді. Тағы бір жайт — мекемені дәл осындай заңбұзушылық үшін бұған дейін жұмыстан босатылған меңгеруші басқарып отыр.
Ал қалалық Білім басқармасы балабақшада дезинфекция жұмыстары тұрақты жүргізілетінін айтып, жәндіктердің көбеюіне жақын маңдағы қоқыс контейнерлері себеп болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Қазір аталған балабақшада тексеріс жүріп жатыр. Басқарма өкілдері кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шара қолданылатынын мәлімдеді.



