Сенатор Арман Өтеғұлов Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтының жерін тұрғын үй құрылысына беру жоспарына қарсы екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Shyndyk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сенатордың айтуынша, институт — елдің биологиялық және эпизоотиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды буыны. Оның ғылыми сүйемелдеуі болмаған жағдайда ветеринарлық қызметтің тұрақты жұмысы және Қазақстанның халықаралық ветеринарлық мәртебелерін растау мүмкін емес.
Институт 1905 жылдан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде мықты ғылыми мектептер қалыптастырған, қауіпті мал ауруларымен күресу шараларын әзірлеген және азық-түлік қауіпсіздігі мен халық денсаулығына тікелей әсер ететін санитарлық нормаларды ғылыми негізде қамтамасыз еткен. Айта кету керек, институт территориясында тарихи тұрғыда аса қауіпті инфекция қоздырғыштарымен жұмыс жүргізілген.
Қазіргі таңда институттың аумағы 40 гектардан 3,5 гектарға қысқартылған. Алматының бас жоспарына сәйкес қалған жерлерді де тұрғын үй құрылысына беру қарастырылып отыр.



