2026 жылғы наурыз айынан бастап Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі келушілер үшін жаңа жұмыс кестесіне көшті.
Енді музей сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 00:00-ге дейін ашық болады. Ал дүйсенбі күні санитарлық күн болып белгіленген.
Жаңартылған жұмыс уақыты қала тұрғындары мен қонақтарына музейге кешкі уақытта немесе өздеріне ыңғайлы кез келген мезгілде келуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, музей 1981 жылы құрылған. Оның қорында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар әлемнің 50-ден астам елінің музыкалық мәдениетін танытатын ерекше жәдігерлер сақталған.
Қазіргі таңда музейде 9 экспозициялық зал бар. Онда желбуаз, адырна, тұяқтас секілді сирек кездесетін қазақ музыкалық аспаптары, сондай-ақ кеңінен танымал домбыра, қобыз және сыбызғы қойылған.
Бұған дейін музей сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейтін.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Алматы қаласындағы Зенков көшесі, 24а мекенжайында орналасқан.
