
Фото: ашық дереккөз
Алматы тұрғыны қалада жезөкшелікпен айналысатын орындардың жабылуына байланысты өз табыс көзінен айырылып қалғанын айтып, бұл қызмет түрін заңдастыруды ұсынды, деп жазды qandastar.kz
Әйел Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында секс-қызметін саналы түрде таңдағанын, енді осы жұмысты заңдастырып, салық төлеуге дайын екенін жеткізді.
«Алматыда қыздар жұмыс істейтін шамамен 70-ке жуық нүкте жабылды. Мен де, құрбыларым да жұмыссыз қалдық. Бұл рейдтер кейде жай есеп үшін жүргізіледі. Бірақ шын мәнінде бізді күнкөріс көзімен қош айтысуға мәжбүр етті. Енді осы саланы заңдастыратын кез келді деп есептеймін. Жеке кәсіп ашып, заңды түрде жұмыс істеуге, салық пен зейнетақы жарнасын төлеуге дайынмын», – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл мамандықты өз еркімен таңдаған және басқа жұмыс түрлері, мысалы, еден жуушы болу оған сәйкес келмейді.
«Мен бұл қызметті саналы түрде таңдадым. Қоғамда көп адам тегін жасайтын істі мен ақшаға жасаймын. Бұл – сұраныс бар жерде қалыптасқан ұсыныс. Сондықтан да жұмыс орындарымыздың жабылғаны көңілге қаяу түсіреді», – деп жазды тұрғын.
Оның пікірімен келісетіндер де табылды. Олар бұл саланы заңдастыру арқылы бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын алға тартуда: денсаулықты бақылау, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономиканы азайту, салық түсімін арттыру және құқықтық қорғауға қол жеткізу.
«Мұндай қызмет заңды болса, олар тұрақты медициналық тексеруден өтіп тұрар еді. Мемлекет салық алып, бұл қаражатты білім мен денсаулық саласына жұмсай алады. Ең бастысы – көлеңкелі табыс көздері ашық әрі қауіпсіз ортаға шығар еді», – деп жазды бір желі қолданушысы.
Алайда, қарсы пікір білдіргендер де көп. Олар әйел тәнінің «тауарға» айналуына қарсылық білдіріп, мұндай қызметтің заңдастырылуы қоғамның моральдық құндылықтарына кері әсерін тигізеді деп санайды.
«Егер мұны заңдастырсақ, онда педофилия мен басқа да азғындық түрлері заңдастырылуы мүмкін деген сұмдық ойға итермелейді. Әйелдің денесі – тауар емес. Қандай жағдай болмасын, адам өзінің қадірін жоғалтпауы тиіс», – дейді қарсы тарап өкілдері.
Тағы бір пікірлерде бұл саланың жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екені де айтылды.
«Егер заңдастырылса, оның айналасында жемқорлық схемалары пайда болуы мүмкін. Мұндай қызметке тартылатын қыздар көбейіп кетуі ықтимал. Бұл қоғам үшін қауіпті бағыт. Оның орнына, мұндай қызметке жүгінетін клиенттерге нақты шара қолдану керек», – делінген кейбір пікірлерде.



