Алматылық тұрғын түнде терезесінің алдында қалықтап тұрған дронға шағымданды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Newtimes.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жазба авторының айтуынша, оқиға түнгі сағат 03:13 шамасында болған. Ол үйіне енді ғана келіп, жуыну бөлмесінен шыққан соң диванға отырған кезде терезе сыртынан «түсініксіз нысанды» байқап қалған.
«Іш киіммен шығып, диванға отырдым да тереземнің алдында бірдеңе тұрғанын түсіндім. Бұл — дрон. Тоғызыншы қабат. Ол шамамен бес метр қашықтықта 10-15 минуттай ұшып тұрды. Қорыққанымнан қалтырап кеттім», — деп жазды ол.
Әйел дронның нақты қанша уақыт бойы қалықтап тұрғанын айта алмайтынын, тек өзі байқаған уақытты ғана тіркегенін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай жағдай басқа түндерде де болуы мүмкін.
Оқиғадан кейін тұрғын полицияға хабарласқан. Алайда оның айтуынша, қоңыраудан кейін көп ұзамай дрон ұшып кеткен.
Пікір қалдырушылардың сұрағына жауап берген автор жуырда ғана көшіп келгенін және әлі перде іліп үлгермегенін түсіндірді.
«Жақын маңда терезелер жоқ, тоғызыншы қабат болған соң, біреу осылайша бақылап тұрады деп ойламадым да. “Маған кім қарап жүрсін?” деп ойладым», — деді ол.
Желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, мұның әдейі бақылау болуы мүмкін екенін алға тартты.
«Жай ғана перде жабу шешім емес. Мүмкін, біреу сізді әдейі бақылап жүрген шығар. Бұл қауіпті», «Сталкерлерден бәрін күтуге болады», «Мен жеке үйде тұрамын, аулама дрон екі рет ұшып келді. Телефонды қолға алсам болды, бірден ұшып кетеді. Не үшін?», — деп жазды қолданушылар.
Кейбір желі қолданушылары мұндай оқиғалардан кейін терезелерін үнемі жабық ұстауға тырысатындарын айтты.
«Әйелдерге біреу терезеден қарап тұрады деген ойым бар еді, бекер емес екен», — деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.



