Қаржы және төлемдер
Алматылықтың банкті тонамақ болған сәті видеоға түсіп қалды

Фото: Видеодан скриншот
Алматыда бір ер адам банк ғимаратына терезе арқылы кіріп тонамақ болды деген күдікке ілінді. Күдікті кассаға өту үшін брондалған әйнекті сындыра алмаған соң оқиға орнынан қашып кеткен. Полицейлер оны ізін суытпай ұстады, деп жазды qandastar.kz
ЦентрКредит банкі өкілдері Алматыдағы бөлімшесін белгісіз біреу тонауға әрекеттенгенін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, қылмыс әрекеті түнде жасалған.
«Белгісіз ер адам ғимаратқа терезе арқылы кіріп, одан кейін кассаға өтпек болғанымен, брондалған шыныдан өте алмаған. Бұл әрекеттің бекер екенін түсінген қаскөй оқиға орнынан кетіп қалған», – дейді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталған.
«Аудандық жедел қызметкерлер мен біздің бөлімшенің қызметкерлерінің келісілген жұмысының арқасында ұрлық жасау әрекеті «ізін суытпай» ашылды. Бұл – профилактикалық бейнебақылаудың тиімділігінің және қызметкерлеріміздің жедел әрекет етуінің жарқын мысалы. Біз жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктерді белсенді түрде қолданамыз.
Күдікті өз кінәсін мойындады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
ЦентрКредит банкі өкілдері Алматыдағы бөлімшесін тонау әрекеті жасалғанын растады. Банктің PR директоры Сәкен Нығмашев құқық қорғау органдары әрекетінің арқасында қылмысқа жол берілмегенін атап өтті. Банк қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
«Клиенттердің мүлкіне зиян келген жоқ. Банк әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр. Құқық қорғау қызметкерлеріне жедел жұмыс істегені үшін алғыс айтамыз», — деді банк өкілі.