Италияда өткен WDO European Amateur Ballroom Solo Championship халықаралық турнирінде қазақстандық спортшы Алтынай Жұмабай жеңіске жетті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Алтынай спорттық бал биімен 3,5 жасынан бастап айналысады. Жас биші бүгінгі күні халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Оның айтуынша, басты мақсаты – болашақта әлемдік деңгейдегі білікті жаттықтырушы атану. Ол үшін Хореография академиясына түсуді жоспарлап отыр. Алтынай елімізде кәсіби жаттықтырушыларды дамытуға мүмкіндік аз екенін айтып, болашақта осы саланы дамытуға үлес қосқысы келетінін жеткізді.
Айта кетейік, ол 2025 жылы Германияның Мюнхен қаласында өткен “The Lion Dance Championship” турнирінде алтын медаль иеленген. Сонымен қатар 2023 жылы 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанып, 2024 жылы Италияда өткен Еуропа чемпионатында да жеңіске жеткен. Бұдан бөлек, Мюнхенде өткен әлем чемпионатында да топ жарған.



