Алматы қаласының Наурызбай ауданында, Алтын орда көшесі бойында орналасқан «Перзент» балалар үйінде өрт оқиғасы тіркелді. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жедел жетіп, жалынды ауыздықтау шаралары жүргізілді, деп жазды qandastar.kz
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ғимаратта болған барлық тәрбиеленушілер мен қызметкерлер дер кезінде эвакуацияланған. Зардап шеккендер жоқ.
Балалар үйінің директоры Әмина қажы Әжібаева өрт сөндірушілерге алғысын білдіріп, оқиға кезінде орын алған таңғаларлық жайтпен бөлісті.
«Бүгін біз осындай сынаққа тап болдық. Құтқарушылар сағат төрттен бері тынбай еңбек етіп жатыр, Алла разы болсын. Ең ғажабы – менің Құраным өртенбей қалыпты, түк болмағандай. Бұл – Алланың ұлылығының белгісі», – деді ол.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, өрт сөндіруге оқпандар енгізіліп, судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынған.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.



