Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Аңқау елге арамза емші»: депутат Қытайдан келген «емшілерге» шүйлікті

Мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай шығыс медицинасы орталықтары жайлы ашық айтып, өзекті мәселемен бөлісті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Айтуынша, депутаттың атына Астана қаласынан және басқа да өңірлерден «Шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты азаматтардың шағымдары келіп түсуде.

«Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, инвазивті рәсімдердің санитариялық талаптарды сақтамай жүргізілуі, тіркелмеген препараттардың қолданылуы, сондай-ақ ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі. Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады. Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, «аңқау елге арамза емші» дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалатындар да кездеседі», — дейді депутат.

Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді.

«Қазақстанда «дәстүрлі қытай медицинасы» атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі мазмұны жағынан медициналық қызметке жатады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны, тиісті біліктілікті әрі нақты талаптарды сақтауды қажет етеді. Алайда шағымдар көптеген нысандарда бұл талаптардың іс жүзінде орындалмайтынын көрсетуде: қызметтің құқықтық мәртебесі көмескі, мамандардың құзыреті мен жауапкершілігі айқын емес, ал кей жағдайларда клиникалық практикаға жіберілу тәртібі толық расталмаған шетел азаматтарының «ем жүргізуі» туралы деректер бар», — деп атап өтті ол.

Депутат шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы міндетті түрде ашық көрсетуге үндеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button